Алматыда жол ережесін бұзған азаматқа 29 хаттама толтырылды
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әл-Фараби даңғылының бойымен жылдамдықты асырып жүрген жас жігіт бір мезетте 29 рет заң бұзған.
«Жергілікті полицияның іздестіру бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізіп, нәтижесінде әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған BMW автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Оған ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылықтың 595-бабы 1-бөлігі бойынша 27 хаттама және 606-бабы 1-бөлігіне сәйкес 2 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 534 мың 750 теңге», -деді, Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Полиция өкілінің сөзінше, алматылық жүргізуші тек жол ережесін бұзып қана қоймай, бұл әрекетін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан.