Алматыда “Жол картасы” бойынша жаңадан 19 060 жұмыс орны ашылды
; АЛМАТЫ. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда шілденің 21-іне дейін "Жол картасы" бойынша жаңадан 19 060 жұмыс орны ашылды. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен өтіп жатқан "Жол картасының" орындалуы және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту тұжырымдамасы туралы аймақтық мәжілісте айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жол картасы» бойынша 24,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Оның 12 миллиарды - жол жөндеуге, 8,3 миллиарды - инженерлік желілерді жөндеу мен көгалдандыруға, 2,6 миллиарды - білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге бағытталып отыр. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың кейбірімен осы сапар кезінде кешелі- бері өзіңіз де көріп таныстыңыз. Шілденің 21-індегі мәліметер бойынша, жоспарланған барлық 396 жоба бойынша келісімшарттар жасалып болды. Соның негізінде жаңадан 19 мың 60 жұмыс орны ашылды. Оның 8 мыңы алдын-ала жоспарланған болатын", дейді Ахметжан Смағұлұлы. Қала әкімнің айтуынша, Алматыда жол картасы бойынша берілген қаржы да, су-құбыр желілерін жөндеуге қосымша бөлінген 506 миллион теңге де жоспарға сай игерілуде. Бүгінгі талқылау тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықты тиімді жаңарту үшін нақты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Қазіргі таңда қаладағы 7 мың 704 көп пәтерлі тұрғын үй 719 жеке пәтер иелері кооперативіне біріккен.