Алматыда «Жол картасы» бойынша жарияланған байқаулар бойынша 67 келісім жасалды
АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Жол картасы» бойынша 384 жобаға байқау өткізіліп, өткен аптаның соңына дейін 10,7 миллиард теңгенің 67 келісімі жасалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеме жасап.«Алматы қаласының «Жол картасын» жүзге асыруда маусымның 12-сіндегі мәлімет бойынша 396 жобаға байқау жарияланған. 384 жоба бойынша өткізілген байқауда 67 келісім жасалды. Қазір өзге жобалар бойынша да келісімдер аяқталудың алдында тұр. Сондай-ақ 84 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталып, 4309 жұмыс орны ашылды. Бағдарлама әкімшілері өткен жұмадағы есеп бойынша 3 454,2 миллион теңгені игерген. Оның 811,7 миллионы республикалық, 2642,5 миллионы жергілікті бюджет қаржысы. «Жол картасында» «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша 62 54 адам, «Жастар тәжірибесін ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша 4428 оқу орнының түлегін жұмыспен қамту жүзеге асырылуда. Дүйсенбіге дейін «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша 367 жұмыс орнын құруға 159 келісім жасалды. Ал «Жастар тәжірибесі» бойынша 277 түлекке бағытталған 79 келісім жасалды. Сондай-ақ «Жол картасы» аясында білім беру жүйесіндегі 13 оқу орны арқылы 3 мың адамды дайындау және қайта даярлау жоспарлануда. Оған республикалық бюджеттен 646,5 миллион теңге бөлінген. Қайта даярлау курсына жіберілген 598 адамның қазір 296-сы оқуын бастады.