Алматыда «Жол қозғалыс қауіпсіздігі апталығы» басталды

АЛМАТЫ. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда «Жол қозғалыс қауіпсіздігі апталығы» басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бұл операция қала жолдарында қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушыларды анықтауға бағытталған.

"Ағымдағы жылы соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша қалада жол-көлік оқиғалары мен авариялық жағдай санының едәуір азайғандығы байқалады. Жыл басынан осы уақытқа дейін 1 226 жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл көрсеткіш 2009 жылға қарағанда -1.0 пайызға төмен (1239). Әр түрлі дене жарақатын алғандардың саны биыл -2 пайызға төмендеп отыр. 2009 жылы 1 355 болса, биыл 1 333 адам жарақат алды", деді Алматы қаласының ІІД-нің жол полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов. Оның айтуынша арнайы қабылданған шаралардың арқасында қала жолдарындағы жол-көлік жағдайлары тұрақтанған.

Ол сонымен қатар, жаңа оқу жылы алдында "Назар аударыңыздар, балалар!" атты алдын-алу шарасына дайындықтар жүргізіліп жатқандығын хабарлады. "Бұл шара тамыз айының 31-нен қыркүйек айының 9-на дейін өтеді. Шара барысында әр мектептің жанынан (181 мектепке) жол полиция қызметкері бекітілетін болады. Олар балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылармен жол жүру ережесін сақтау бойынша алдын-алу жұмыстарын жүргізеді", деді Арман Сарбасов.

Анықтама үшін: Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 165 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Биыл оның саны 2009 жылға қарағанда 2 пайызға төмендеген. 2009 жылы 174 бала әр түрлі жарақат алса, биыл 168 бала дене жарақатын алған. Бұл көрсеткіш 2009 жылға қарағанда -3 пайызға төмен.

Соңғы жаңалықтар