Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған автобус жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел түрде бұзған автобус жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Алматы полициясы қоғамдық көлік жүргізушісінің бірден екі құқықбұзушылық әрекетке жол бергендігін анықтады. Бірінші - қарсы жолаққа шығып кеткен, екінші - бағдаршамның қызыл шамы жанса да жол қиылысынан өткен.
«Бұл оқиға 31 мамыр күні Алматы қаласының Бостандық ауданында орын алды. Автобус жүргізушісі Гагарин көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, қарсы жолаққа шығып кетіп, Тимирязев көшесінің алдында бағдаршамның қызыл шамының жанғанына қарамастан, жол қиылысынан өтіп, сол жаққа бұрылып кеткен. Бұл құқықбұзушылық әрекет бейнеленген бейнетаспа сол күні-ақ әлеуметтік желілерде пайда болды. Біздің тарапымыздан, тиісті әкімшілік ықпал ету шарасы қолданылды.
Сонымен, 1980 жылы туған, У. есімді азаматқа қатысты инспекторлар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 596-бабының 3-ші тармағы мен 599-бабының 1-ші тармағы негізінде екі хаттама толтырды. Істің материалдары енді сотқа жіберіледі. Жалпы, екі бапқа сәйкес, бұл құқық бұзушылық әрекеттер үшін бір жылға дейін көлік басқару құқығынан айыру, сондай-ақ, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің Жол-патрульдік полиция Полкінің командирі, полиция майоры Мұрат Байғазинов.