Алматыда жол полицейлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын қорытындылады

АЛМАТЫ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Желтоқсанның 23-30-ы күндері аралығында алматылық жол полицейлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, жол қозғалысы ережесін 1 317 рет өрескел бұзушылықты анықтаған,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД Жол полициясы басқармасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Аталмыш іс-шара жолаушылар тасымалдау автокөліктерінде апаттық жағдайларды болдырмау және оның алдын алу мақсатында өткізілген болатын. Шара барысында жолаушылар тасымалы тәртібін бұзған жалпы 35 автобус жүргізушісі қолға түсті. Басып озу мен маневр жасау бойынша - 199, қарама-қарсы бағытқа шығу - 19, апаттылық жағдайды туғызу - 8, тіркеу құжаттарсыз автокөлікті басқару - 14. Арнайы айып тұрағына 8 автобус қойылды», - дейді Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.

Алдын алу шарасы барысында жол инспекторлары автобусты мас және есірткі тартқан күйде басқарған жүргізушіні де ұстаған.

«Таңғы уақытта Алматы қаласы ІІД жол полициясы инспекторларымен Алматы мен Ясауи көшелерінің қиылысында 52 бағыттағы автобус тоқтатылған болатын. Оның құжаттарын тексеру кезінде жол сақшылары тоқтатылған автобус жүргізушісінің масаң күйде тұрғанын байқады. Сот-медициналық сараптама полицейлердің күдігін растады. 52 бағыттағы автобус «ТрансСервис» ЖШС-іне тиесілі. Оның үстіне, бағыттық парақта аталған жүргізуші таңғы сағ. 06.35-те техникалық және медициналық байқаудан өтті деп жазылған. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі орын алуда. Айта кететін жайт, қоғамдық көлік жүргізушілерді мас күйінде бағыт бойынша жіберетін лауазымды тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, операция барысында 6 лауазымды тұлға ұсталды, соның ішінде 3 бірінші басқарушылар болып отыр. Бірнеше уақыттан кейін Шаңырақ ықшамауданында 45 және 103 бағыт бойынша қозғалған екі жүргізуші нашақорлық мастықта ұсталды. Сот-медициналық сараптама дәлелдегендей, бұл екі жүргізуші есірткі заттарын қабылдаған. Әкімшілік хаттама толтырылып, автобустар айып тұрағына қойылды», - дейді полиция полковнигі А. Сарбасов.

Естеріңізге салсақ, жыл басынан бері Алматы қаласының ІІД Жол полициясы басқармасымен «Автобус» іс-шарасы осымен 5-ші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін өткізілген аталмыш іс-шараның нәтижесінде жол полицейлерімен Жол қозғалысы ережесінің 6 мыңнан аса бұзушылығы анықталса, соның ішінде автобусты мас күйінде басқарған 45 жүргізуші ұсталған болатын.

Соңғы жаңалықтар