Алматыда жол полициясы қызметкеріне шабуыл жасаған төрт адам қамауға алынды

АЛМАТЫ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Оқиға өткен жұма күні кешкі сағат жетілер шамасында орын алған.

Алматыда жол полициясы қызметкеріне шабуыл жасаған төрт  адам қамауға алынды

Жол полициясының экипажы Медеу ауданындағы Нүсіпбеков көшесінде бірнеше жол ережесін бұзған «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Рөлде отырған 27 жастағы ер адам бірден дөрекі мінез көрсете бастаған.

«Кейін белгілі болғандай, оның жүргізу куәлігі болмаған. Екіншіден, көлік өзінікі емес, әрі сенім қағазы және көліктің тіркелу құжаттары да болмаған. Көлік жүргізушісі қарсы жол бетіне шығып, үлкен жол ережесін бұзушылық жасады. Төрт мәрте жол ережесін бұзғандығы үшін полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама жасаймыз дегенде, К. есімді әлгі азамат инспекторларға қарсылық білдіріп, балағаттап, полиция қызметкерлеріне қол жұмсаған. Оған көлікте отырған үш досы келіп қосылып, тәртіп сақшысын тұншықтырып, ұрған, офицерлердің погонын жұлып тастаған. Олардың арасындағы біреуі полиция автокөлігінің доңғалағын тесіп тастаған. Жолда өтіп бара жатқан жүргізушілер біздің инспекторларға көмек көрсетуінің арқасында бұзақылар ұсталып, қазір қамауда отыр»,-деді Алматы қаласының ІІД жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.

Оның айтуынша, ұсталғандардың бірі- 27 жаста, ал қалған екеуі 23 жастағы жігіттер. «Барлығы Алматы облысының тұрғындары. Тексеру барысында олардың еш жерде жұмыс істемейтіндігі анықталды. Қазір оларға билік өкілдеріне қатысты зорлық көрсеткендігі үшін қылмыстық іс қозғалды. Төртеуі де заң алдында жауап беретін болады»,-деді полковник А.Сарбасов.