Алматыда жолаушылар жиі шағымданатын бағдарға ұзын автобустар шығарылды

Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек №201 жаңа магистральді бағыт бойынша жолға шыққан сыйымдылығы үлкен немесе «гармошка» деп аталатын жаңа автобустарды көрді. Ұзындығы 18 метр, төмен еденді автобустар «Еуро-5» экологиялық талаптарына сай келеді. Оған 150-ден астам жолаушы сияды. Автобус Төле би көшесі бойымен Ясауи көшесінен Шығыс айналма жолына дейін барады.
Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мақсұт Исахов сыйымдылығы үлкен автобустар арқылы магистральды бағыт ашу туралы шешім не үшін қабылданғанын айтты.
Оның айтуынша, ұзындығы 14 шақырым болатын Төле би көшесінде жолаушылар легі жоғары. Тікелей бағыт болмағандықтан, қала тұрғындары тарапынан арыз-шағым көп түскен.
Енді жаңа автобустардың 19-ы жолға шығып, біреуі резервте болады. Қозғалыстың жоспарланған интервалы - 6 минут, таңғы сағат 6-дан түнгі 23.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Автобустар кондиционер, видеобақылау, пандуспен жабдықталған, төрт есіктің әрқайсысының жанына «ОҢАЙ» терминалы орнатылған.
«Қазіргі уақытта аталған бағытта жолаушылар легі тәулігіне 10 мың адамға жетсе, жаңа 201-ші бағдар арқылы 25 мыңға дейін өсуі мүмкін. Жаңа бағытт жолаушыларға жайлы қызмет көрсетіп, тасымалдаушылар қызметінің сапасын көтереді деген үміттеміз», - деді М.Исахов.
Алматы әкімі жаңа автобустардың жоғары экологиялық стандарттарға сай екенін және қалада қоғамдық көлікті газға көшіру жұмыстарының одан әрі жалғасып жатқанын айтты.
«Ол үшін қажетті инфрақұрылым, май құю және сервис бекеттері болуы тиіс, сондықтан қазіргі кезде осы талаптардың барлығына жауап беретін автопарк құрылып жатыр», - деді қала басшысы.
Бұрындары Алматыда көлікті реформалау аясында №22, 70, 86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта ашылған болатын.
Жалпы, Алматыда биылғы жылы сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус сатып алуға қаржы бөлінген еді, олардың 185-і бағдарларға шыққан болатын, қалған 203-і келер жылдың басында іске қосылады. Жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алды.