Алматыда «Жолда қабылдау» шарасы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ІІД Жол полициясы мен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партияның ұйымдастыруымен «Жолда қабылдау» шарасы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін таңертең басталған шарада қалалық жол полициясы қызметкерлері адамдар көп шоғырланған бірқатар жерлерде қабылдаулар жүргізуде. Полицейлерге жүгінген әрбір азаматқа кәсіби жауап беріліп, мамандар тарапынан азаматтарға құқықтық кеңес көрсетілуде.
«Бұл акция республика бойынша өтуде. Алдын алу іс-шарасы Мемлекет басшысы алға қойған талаптарды орындау мақсатында профилактикалық жалпы мемлекеттік жүйені құрудағы құқық қорғау органдары және мемлекеттік құрылымдарының оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, жол полициясы қызметіне халықтың сенімін арттыру мақсатында өткізілуде. Негізгі мақсатымыз - қаланың жол ахуалы, ондағы проблемалары туралы білу және ең бастысы, халыққа жақын болу, көлік жүргізушілердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру болып табылады», деді Алматы қаласының ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Досымбаев. Оның айтуынша, бұл шара жыл басынан бері өткізіліп отырған екінші акция. «Бірінші акция қорытындысы бойынша, әртүрлі сұрақтармен қабылданған бір мыңнан аса азаматтан 1573 сұрақ-ұсыныс келіп түсті, оның 1312-сі анкетаға қатысқан болатын. Өткен жылдардың тәжірибесі мұндай акцияның тиімділігі мен маңыздылығын көрсетті. Біз сондықтан, мұндай акцияны жылына бірнеше рет өткізіп тұратын боламыз», деп атап өтті полиция полковнигі Мұқан Досымбаев.