Алматыда жолға таласқан азамат жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүргізуші жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты. 13 жылдан бері жедел жәрдемде жұмыс істейтін Николай Кучма ашушаң жүргізушіні жазасыз қалдырмауға бекінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аталған видео бүгін Фейсбук желісінде жарияланды. Бейнекадрда Фольксваген Пассат жүргізушісінің жедел жәрдем каретасы жүргізушісін соққыға жыққаны көрініп тұр. 

Николай Кучманың айтуынша, оқыс оқиға бүгін Мақатаев көшесінде орын алған. 

«Біздің текетіресіміз Наурызбай және Абылайхан көшелерінде басталған. Мен Фольксвагенмен жолға таласып қалдым. Біз шамамыз жеткенше науқастарды тез жеткізуге тырысамыз. Сол кезде ол менің алдымды екі рет кесіп, балағаттап кетті. Сосын автобус жолына шыққанда, алдыма көлігін кесе көлденең қойып қойды. Көліктен түсе сала мені ұра бастады. Соның нәтижесінде қабағым жыртылып, жабық ми жарақатын алдым. 3-4 жерінен тікті», - деді Николай Кучма.

Оқыс оқиғаны фельдшер Гүлсім Рахимова видеоға түсіріп алған. 

«Біз 46 жастағы әйелді жедел тромбозбен ауруханаға алып бара жаттық. Оған шұғыл ота қажет еді. Науқасты алып бара жатқанда Мақатаев пен Наурызбай көшелерінің қиылысында автобус жолағында осындай оқиға болды. Мен жүргізушінің жарақатын таңып, арттағы науқастарды тыныштандырдым», - деді №6 «подстансаның» фельдшері Гүлнар Рахимова.

Жедел жәрдем стасасының бас дәрігері Сәбит Пазиловтың айтуынша, мұндай оқиғалар жылына үш-төрт рет кездеседі. 

«Жедел жәрдем қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына жылына 3-4 рет қауіп төнеді. Жедел жәрдем қызметі науқастарды ауруханаға дер кезінде жеткізуге тырысады. Бүгін Мақатаев көшесінде оқыс оқиға орын алды. Сол мақсатпен шұғыл кетіп бара жатқан жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды. Жедел жәрдем көліктерін әдейі сарыға боядық. Сонда да жүргізушілер арасында тәртіпсіздіктер жиі кездеседі», - деді Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Сәбит Пазилов. 

Оның айтуынша, былтыр науқасқа көмекке барған реаниматолог дәрігерді ер адам  басынан кірпішпен ұрған. Қазір бұл дәрігер ұзақ емдеуден соң жұмысына қайта кіріскен. 

Айта кету керек, тура осыған ұқсас оқиға кеше Түрксіб ауданында да орын алған. Жедел жәрдем көлігі Шилов көшесімен келе жатқанда бір топ мас адам көлікке кедергі болған. Олардың ішінен бір ер адам көліктің артқы бөлігіне кірпіш лақтырған. Соның салдарынан көліктің артқы бөлігі майысып қалған.

Соңғы жаңалықтар
telegram