Алматыда жөнделіп бітпеген мектеп оқушылары басқа білім мекемесіне барып оқиды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполистегі №127 және №70 жалпы білім беретін мектептердегі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес, желтоқсан айында аяқталады. Ол уақытқа дейін оқушылар жақын маңдағы мектепте оқиды. Оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі келтірілмейді. Бұл туралы Алматы қаласы Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жөнделіп бітпеген мектеп оқушылары басқа білім мекемесіне барып оқиды

Алматы қаласының білім басқармасына қарасты 214 мемлекеттік білім беру ұйымдарының 2023-2024 оқу жылына дайындығын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді.

«Алматы қаласында мектептердің 68 пайызында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Жаңа оқу жылының басталуына дайын. Қалған мектептерде 25 тамызға дейін аяқталуы керек, алайда конкурстық процедураның кешігіп өткізілуіне байланысты кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары кешігіп басталған», - деді Гүлнар Ермекбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің сөзінше, жоспарға сәйкес келесі білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайындық жүргізіліп жатыр: №80 жалпы білім беретін мектеп; Бауыржан Момышұлы атындағы №131 Гимназия; №48 мектеп-гимназия; №15 мектеп-гимназия; №141 жалпы білім беретін мектеп; Білім инновация лицейі.

«Орын тапшылығын азайту мақсатында №48 мектеп-гимназияда және №148, №112, №9 мектеп-интернатында 920 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, іске қосылды. Сонымен қатар, әлі де күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан объектілер бар. Ол - №127 және №70 жалпы білім беретін мектептер. Жұмыстарды желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған №59 мектеп-гимназиясының бір оқу ғимараты, спорт зал және асхана ғимараты сүріліп, орнына 300 орынға арналған жаңа ғимарат салу және ескі ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстарын өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, №9 жалпы білім беретін мектептегі жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталады», - деді спикер.

Департамент басшысының айтуынша, осы аталған білім беру ұйымдарының оқушыларына жақын маңайда орналасқан мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін білім алуға жағдай жасалды. Оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі келтірілмейді.

«№97 және №154 жалпы білім беретін мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне жарамсыз болғандықтан, сүріліп, орнына «Жайлы мектеп» жобасының негізінде жаңа ғимарат салу жұмыстары жоспарланды. Сондай-ақ, мониторинг қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деп танылған білім ұйымдарының тізімі жасалды», - деп түсіндірді Гүлнар Ермекбаева.