Алматыда ЖРВИ-мен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда бір аптада 28 586 жедел респираторлы вирусты инфекциясы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ЖРВИ-мен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалды

Мегаполистегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталған СЭБД басшысы қалада жіті респираторлық вирустық инфекциялардың маусымдық өсуі байқалғанын атап өтті.

«Мәселен, өткен аптада ЖРВИ-дің 28 586 жағдайы тіркелді. Оның 18649-ы бала. Зертханалық мониторингке сәйкес, қалада риновирустар, РС вирусы, парагрипп вирусы және маусымдық коронавирус сияқты жедел респираторлық вирустық инфекциялар таралған»,- деді департамент басшысы

Сонымен қатар, ол эпидемиялық маусымда айналымда тұмау вирусының А (H1N1), A (H3N2) және В типті штамдары өзекті болатынын айтты.

«Сондықтан тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі - дер кезінде оған қарсы вакцина алу. Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырайды, сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын эпидемияға дейінгі маусымда қазан-қараша айларында тек ағымдағы шығарылған жылғы вакцинамен ғана алу керек», - деп кеңес берді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.

Айтуынша,вакцина алғаннан кейін иммунитет 14 күннен кейін қалыптасып тек қана маусым бойы сақталады (1 жылға дейін). Қауіпсіз және тиімді вакциналар қолжетімді және 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.

Бұған дейін Алматыда тұмауға қарсы вакцинаның 200 мыңнан астам дозасы сатып алынғаны туралы жазған болатынбыз.