Алматыда жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматыда жүкті әйел таңертең, сағат 4:33 шамасында жедел жәрдем шақырған. Аяғы ауыр келіншекті жедел түрде Перинаталдық орталыққа жеткізу керек болған. Бірақ айы-күні жетіп, толғағы басталған ана перзентханаға жетпей, медицина қызметкерлерінің көмегімен жедел жәрдем көлігінде босанған.

«Тексергеннен кейін әйелдің жүктілігі 40 апта екені анықталды. Оны дереу перзентханаға жеткізбек болдық. Бірақ пациентті көлік ішінде босандыруға тура келді. Көмекшім Еңлік анаға психологиялық қолдау көрсетті. Ал мен оны босандырып, баланың кіндігін кестім. Сөйтіп, ана мен баланы аман-есен перзентханаға жеткіздік», - дейді Жедел жәрдем қызметі №10 қосалқы стансасының фельдшері Әділжан Мақсұтов.

Жедел жәрдем қызметінің мамандары өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарғанының арқасында дүниеге салмағы 3300 гр, бойы 54 см қыз бала келді.

«Көлікте дүниеге келген сәби отбасындағы бесінші бала. Екі жылдық тәжірибемізде мұндай оқиға бірінші рет болды. Әрине, басында қалай болады екен деп алаңдадық. Бірақ бар біліміміз пен тәжірибеміздің арқасында ананы да, баланы да аман-есен жеткіздік», - деді фельдшер Еңлік Болатбекқызы.

Жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров жедел жәрдем қызметі үйде босану жағдайларына жиі тап болатынын айтты.

«Жедел жәрдем қызметіндегі барлық маман білікті. Кез келген жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге дайын. Дегенмен тұрғындар өз денсаулығына салғырт қарамағаны жөн. Әсіресе, жүктілік кезінде», - деді Пархат Надыров.


Соңғы жаңалықтар