Алматыда жұмыс жәрмеңкесі өтті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматының Түркісіб ауданында жұмыс жәрмеңкесі өтіп, 100-ден астам жұмыс орындары ұсынылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркісіб ауданы әкімдігі мен қалалық Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ ұйымдастырған жәрмеңкеге 10-нан астам кәсіпорындар атсалысты. Сондай-ақ жәрмеңке аясында Түркісіб ауданы әкімдігі, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы», «Қазаэронавигация» РМК арасында «ЖОО-ларды бітірушілерді жұмысқа орналастыру және кәсіптік тәжірибеден өткізу жөніндегі әріптестік» туралы меморандумға қол қойылды. Шара барысында Әлеуметік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы мамандары тұрғындарға жұмысқа орналасу, қоғамдық жұмыстарға араласу, кәсіби мамандану мен қайта маманданудан өту бойынша кеңес берді.
Түркісіб аудандық Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі мамандарының айтуынша, ауданда биылғы жылы 850 адамды жұмыспен қамту, 660 адамды уақытша еңбекпен қамту, 80 адамды әлеуметтік жұмыс орнымен қамтамасыз ету, 260 адамды мамандандыру мен қайта мамандандыруға жіберу көзделген.Өткен 3 айда аудандық жұмыспен қамту бөліміне 399 адам жұмысқа орналастыру туралы өтініш білдірген.