Алматыда жүргізуші куәлігінсіз автокөлік айдаған азамат 10 тәулікке қамалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық прокуратурасы мен қалалық полиция департаменті бірлескен рейдтің барысында жүргізуші куәлігінсіз автокөлік жүргізген азаматты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жүргізуші куәлігінсіз автокөлік айдаған азамат 10 тәулікке қамалды

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 3 желтоқсан күні полиция экипажы Б. есімді азамат жүргізген «Мерседес» маркілі автокөлікті тоқтатады. Тексеріс барысында оның биыл 10 қарашада жүргізуші куәлігінен 6 айға айырылғаны анықталды.

«Сол күні Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды», - деп хабарлады прокуратурада.

Осыған орай Алматы қалалық прокуратурасы автокөлік жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, басқа көлік жүргізушілерге қауіп төндірмеуге шақырды.