Алматыда журналистерга арналған «ЗачОт» байқауы жалғасуда
АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда журналистер мен БАҚ редакцияларына арналған Қазақстандағы білім жайындағы тақырыпта ең үздік жазылған материалдарға байқау әлі де жүріп жатыр.
Бұл шара Халықаралық Бизнес академиясы мен Қазақстандық баспасөз клубының бастамасымен өтуде.
Өтініштер ақпан айына дейін қабылданады. «Байқаудың мақсаты - қоғам назарын Қазақстандағы білім саласына байланысты мәселелерге аударту, сонымен қатар елімізде және шетелде сапалы білім алу мүмкіндіктерімен ақпараттандыру»,- дейді ұйымдастырушылар.
Биылғы жылғы байқаудың қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы еліміздегі білім мәселесі жайында ерекше жазып, таратқан 11- БАҚ-ты және 11 авторды таңдап алады. Жалпы байқауда 22 аталым бекітілген. Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Марапаттау рәсімі 2011 жылдың 15 ақпан күні Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында өтеді.