Алматыда жыл басынан бері 400-ден астам қалта ұрысы ұсталған
«Бір оқиғада 18 жастағы Тараз қаласының тұрғыны қалта ұрлығын жасаған. Ол 141-қоғамдық көлік бағытында жолаушының ұялы телефонын ұрлады. Күдікті оқиға орнында ұсталды. Дәл сол уақытта 18-ші бағдармен жүретін қоғамдық көлікте жедел іздестіру бөлімінің тағы бір тобы жолаушыны тонаған 30 жастағы К. есімді азаматты қолға түсірген болатын. Оны жедел қызметкерлер Сейфуллин даңғылы мен Мақатаев көшесінің қиылысында көліктен түсіріп алды. Келесі күні 99-шы автобуста жеңіл ақша табуға құмар тағы бір азамат ұсталды. 23 жастағы күдікті 50 жастағы ер адамның ұялы телефонын білдірмей қолды қылған. Бұл азаматтар бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған», - дейді Алматы қалалық ПД криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.
Сонымен қатар, жедел бөлімде айтып өткендей, жыл басынан бері Алматыда 517 қалта ұрлығын жасаған 408 адам ұсталды. Оның 9-ы - шетелдіктер. Олар Алматы қаласының аумағында 22 адамның мүлкін ұрлаған.
«Қалта ұрлығының көпшілігі қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, халық көп жиналатын орындарда жасалады. Осыған байланысты, Алматы қаласының полиция басқармасы мүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде өтініш жасайды. Адам көптеп жиналатын жерлерде өте сақ және мұқият болыңыз, құнды заттарыңызды ішкі қалтада, адамның көзі түспейтін жерде сақтағаныңыз жөн. Сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда, соның ішінде бөтеннің мүлкі ұрланғанда, дереу 102 нөміріне хабарласуыңыз», - дейді подполковник Е. Ысқақов.