Алматыда жыл басынан бері 696 адам көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 696 адам көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды. Оның 318-і көп балалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалында хабарлағандай, өткен жылдың мамыр айынан бастап әйелдерге төртінші немесе одан көп баланы туғанда тағайындалатын жәрдемақыны алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндетті емес.

Мемлекет барлығын қашықтан SMS хабарлама арқылы ресімдеуді ұсынады. Бұдан бұрын аталған жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді. Ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын. Ал қазір көп балалы отбасылар үшін жәрдемақыны ресімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама да жіберіледі.

«Мұнда клиенттің SMS-ке келісімі ғана керек. Қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. Телефон нөмірі азаматтардың мобильдік базасында тікелген болса жеткілікті. Ағымдағы жылдың 2 айында мұндай жәрдемақыны 696 алматылық отбасы алды. Оның 318-і проактивті түрде рәсімдеген. «Алтын« және «күміс« алқамен марапатталған 100 алматылық ананың 80-і құжаттарын проактивті түрде рәсімдеген», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанов.

Айта кетейік, көп балалы отбасылар үшін жәрдемақы 2020 жылдың басынан бастап төленеді. Қазақстанда 4 және одан көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі бөлімде оқитын бірге тұратын балалары барлар - көпбалалы отбасы болып саналады.

6 бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» беріледі. Оған төленетін жәрдемақы мөлшері 19604 теңге.

«Күміс алқа» белгісі үшін жәрдемақыны рәсімдеуге ХҚО-ға барудың қажеті болмады. Жәрдемақыны ресімдеуді ұсынған SMS-хабарлама келді, соған келісімім жеткілікті болды. Уақыт кетіріп, құжат жинап жүгірмедім. Қазіргі уақытта ең бастысы телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болса жеткілікті екен. Өте ыңғайлы», - деді көп балалы ана Әсел Сәбитова.

Қазіргі уақытта бұл жәрдемақыны 487 мыңнан астам қазақстандық отбасы алады. Оның ішінде 63 437 әйел «Алтын алқа», 138 571 әйел «Күміс алқа» иегерлері.

2022 жылы көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері:

4 балаға 49 100 теңге;

5 балаға 61 383 теңге;

6 балаға 73 666 теңге;

7 балаға 85 948 теңге;

8 балаға 98230 теңге;

Келесі әр балаға +4 АЕК болды.

Төлемді төрт және одан да көп бала туған әйелдер ала алады.

1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын sms-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша білуге болады.


Соңғы жаңалықтар