Алматыда жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 жол апаты болды
Алматы полицейлері қаладағы қоғамдық көліктердің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып жатқанын айтып, дабыл қағады. Қалалық полиия департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 жол апаты болып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 55 адам жарақат алған. Сондай-ақ, қоғамдық көлікте жолаушылардың құлауы жиілеп кетті. Ол негізінен көлікті шұғыл тежеу кезінде немесе кенеттен қозғалған кезде болады. Жалпы, 2021 жылы автобус ішінде 328 жолаушы құлап, зардап шеккен.
«Алматы қаласында 21 автокәсіпорын жұмыс істейді, олардың балансында 147 бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын 2 200-ден астам автобус пен 160 троллейбус бар. Қоғамдық көліктерге қатысты жол-көлік оқиғаларының жағдайы әлі де алаңдатады. Кейбір автобус жүргізушілерінің қозғалу тәртібі өте төмен деңгейде қалып отыр. Автопарктердің басшылығы жүргізушілерге бақылау жүргізбейді, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын, сондай-ақ, желіге шығар алдында техникалық жағдайын тексермейді. Олар экологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін автобустарды желіге шығаруды тоқтатпады», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Еске салайық, Алматыда қоғамдық көлік жүргізуге құқығы жоқ ер адам автобуспен жолаушы тасыған. Сондай-ақ, Алматыда жол апаттарының алдын алу мен оның салдарын азайтуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық айлығы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Фото: polisia.kz