Алматыда жыл басынан бері қанша жоба қаржыландырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда несиелендірудің мемлекеттік бағдарламалары аясында 3,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасарының айтуынша, Алматыда мемлекеттік және өңірлік несиелеу бағдарламаларын жүзеге асыру барысында жылдық жоспардағы 3 440 адамның орнына 3 688 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Жалпы, қала бизнесі мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын белсенді қолданады. Мәселен, егер 2018-2019 жылдары негізінен ірі және орта кәсіпорындар қаржыландырылған болса, өткен жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2025»-тің микро және шағын бизнесті қолдау, сондай-ақ, бағдарламаларға өзгерістер енгізу бойынша (бірінші бағытын енгізудің арқасында) микро және шағын бизнесті қаржыландыру бойынша белсенді өсім байқалады. Санаттар бойынша ағымдағы жылы барлық жобалардың жартысынан астамын шағын бизнес құрайды (56%). Салалар бөлінісінде негізгі үлес өнеркәсіпке (35%) және көлікке (13,1%) тиесілі. Аудандар бойынша қаржыландырылған жобалардың ең көп саны мегаполистің Әуезов (17%), Алмалы (16,7%), Бостандық (14,5%) және Алатау (14,2%) аудандарында байқалады», - деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

«БЖК–2025» бағдарламасы бойныша биыл 184,6 млрд теңге несие сомасына 2 815 жоба қаржыландырылды.

Оның ішінде 231 жобаға бөлінген қайтарымсыз инновациялық гранттың жалпы сомасы 690 млн теңге.

Ол бойынша мына салалар ең көп қаржыландырылды: көлік және қоймалау – 19,1%, сауда және қызметтер – 18,9% және өнеркәсіп – 14,3%.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында: «Қарапайым заттар экономикасы» - 41,7 млрд теңге несие сомасына 28 жоба, «АӨК» - 36,2 млрд теңге сомасына 15 жоба, «Еңбек» - 1,5 млрд теңгеге 102 жоба қаржыландырылды.

Өңірлік бағдарламалар аясында: «Almaty Business» бойынша - 8,9 млрд теңгеге 119 жоба, «Almaty Business - 2025» бойынша - 5,5 млрд теңгеге 133 жоба қаржыландырылды.

«Қала шетіндегі бизнесті қолдау да маңызды. Бағдарлама іскерлік белсенділігі төмен аудандарда кең танымалдылыққа ие болды, оған қаланың 5 ауданы (Алатау, Әуезов, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб) кіреді. Бүгінде аталған аудандарда 3,3 млрд теңгеден астам сомаға 74 жоба қаржыландырылды», - деп атап өтті Мақсат Қиқымов.


Соңғы жаңалықтар