Алматыда жыл басынан бері мопед мінгендерге қатысты 199 жол апаты болды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық полиция департаменті биыл және өткен жылы мопед мінгендерге қатысты жол апаты туралы статистиканы жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Алматыда биыл жыл басынан бері мопед мінгендерге байланысты 199 жол апаты болып, салдарынан 198 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты. Ал өткен жылы Алматыда осындай 778 жол апаты болып, 836 адам зардап шегіп, 7 адам қайтыс болған.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаевтың мәліметінше, қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінде мопедтерді мемлекеттік тіркеуге жататын көлік түрлерінің тізбесіне қосу туралы заңнамаға өзгертулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Көліктің бұл түрінің сұранысы қол жетімділікпен, қала ішінде қозғалуға жеңілдігімен, сондай-ақ тіркеу, оқу және жүргізуші куәлігін алу қажеттілігінің болмауымен байланысты. Мопед айтарлықтай жоғары жылдамдық – сағатына 80 шақырымға дейін жүреді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі деңгейінде қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден жоғары мопедтерді мемлекеттік тіркеуге жататын көлік түрлерінің тізбесіне қосу туралы заңнамаға өзгертулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Жас шектеулерін белгілейтін заңнамалық нормалардың болмауына байланысты көліктің бұл түрін ересектермен қатар балалар да пайдаланады. Көбінесе бұл көлік түрлерінің қозғалысы жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен жолдарда болады», – деді Ержан Ұзабаев.

Ол сондай-ақ курьерлік компаниялардың өкілдерін өздерінің курьерлері жасайтын жол ережелерін бұзу деректерін анықтау үшін жергілікті іс-шараға қосылуға ұсыныс жасалғанын мәлімдеді.

«Қазір пилоттық жоба аясында әрбір курьерлік компанияға нөмір беруді, оны курьердің мәліметтері мен жүру шарттары туралы ақпаратпен бірге жұмыс берушінің деректер базасында тіркеу үшін бірыңғай ақпараттық қорды біріктіруді ұсынып отырмыз. Яғни, «Сергек» ақпараттық жүйесінде мобильді көлік жүргізушілері жіберген бұзушылықтарды тіркеудің жаңа техникалық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жеткізу қызметінің өкілдері тәртіп бұзушыларды анықтап, оларды бақылау үшін әр қызметкерге нөмір беріп, оны жарықпен шағылысатын элементпен бірге контейнерлерге қоюлары қажет», – деді спикер.


Соңғы жаңалықтар