Алматыда жыл соңына дейін 5 мектеп салынады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жыл соңына дейін жаңа 5 мектеп салынып, үш мектеп кеңейтіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде қалада 25 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін «Қалқаман-2», «Қайрат», «Дархан», «Мәдениет» және «Нұркент» шағын аудандарында 7500 орындық 5 мектеп салынады. Сондай-ақ, 670 орындық қосалқы құрылыс нысанын салу арқылы №48, 191, 9 үш мектеп кеңейтіледі», - деді Ұлан Оңалбаев.
Сонымен қатар, ол балабақша құрылысына тоқталды.
«920 орынды «Жас Қанат», «Саялы-2», «Айнабұлақ-4», «Ақжар» шағын аудандарында төрт жаңа балабақша салынады. Сондай-ақ басқарма қарамағында «Ақжар» және «Нұркент» шағын аудандарында 1350 орынды екі инновациялық шығармашылық орталық салу қарастырылған. Оларды пайдалануға беру 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр»,- деді ол.
Сонымен қатар, ол биыл «Зерделі» шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіби техникалық училищенің құрылысы басталатынын жеткізді.
Сондай-ақ, №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжі үшін 450 орынды қосымша құрылыс салу жобасы әзірленуде.
«Ал жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 600 орынды 2 жатақхана салу жобасы әзірленуде (Алматы автомеханикалық колледжі және Алатау ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан жатақханасы бар инновациялық технологиялар колледжі). Бұл нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланған»,- деп атап өтті спикер.