Алматыда жылу бағасы қымбаттамайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев жылу тарифіне қатысты мәлімдеме жасады.
«2016-2017 жылғы жылыту маусымында баға өспейді. Әкім тарифті сақтауды тапсырды. Біз жылу, суық су, канализация бағасына қатысты барлық өтініштерімізді қайтарып алдық. Есептегіш құралдары барларда тариф сақталады, жоқтарда белгіленген норма бойынша ақы алынады. Норма бағасы бекітілді», - деді Ермек Үсенбаев.
Оның айтуынша, коммуналдық қызметтер алдағы жылыту маусымына толығымен дайын. 5 қазаннан бастап, жылу әлеуметтік нысандар: мектеп, бала бақша, ауруханаға беріледі. 12-15 қазаннан бастап, жалпы жылыту маусымы басталады.
«Бұл жылыту маусымында бізде жеткілікті жанар май бар. Былтыр қыс жылы болғандықтан, артылып қалған қорымыз сақталды. Табиғи газды жеткізу бар. Қала газсыз қалмайды. 2013, 2014 жылдары қиындықтар болған, қазір газ бойынша барлық мәселе шешілді», - деді басқарма басшысы.
Е. Үсенбаев биыл мемлекеттің бюджетінен жылыту маусымына дайындық үшін 45 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде 8 млрд басқарманың өз қаржысы болғанын атап өтті.
«Шығындар 17 пайызға азайды. Өздеріңіз білесіздер, дағдарыс. Бюджет биыл қысқартылған. Осыған байланысты, бұл қыстан бар қаржымызбен шығамыз. Қаржыландырудың арқасында желінің тозуы, төтенше жағдайларды азайта аламыз», -деді ол.