Алматыда жылу электр стансыларынан бөлінетін зиянды қалдық мөлшері азайтылады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі кезде қала ішінде «АлЭС» АҚ-на қарайтын екі ЖЭС жұмыс істейді. Тағы екі ЖЭС-і Алматы маңындағы Алғабас елдімекені мен Өтеген батыр кентінде орналасқан. Бұлардан жылына ауаға 58 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарылады. Өткен жылы ЖЭС 1-ден 5768 тонна, ЖЭС 2-ден 35282 тонна, ЖЭС 3-тен 16 772 тонна, Батыс жылу кешенінен 400 тонна зиянды қалдық шыққан. Бұл қаладағы зиянды қалдық шығарудың ең жоғары көрсеткіші.
Депутаттық тыңдауға қатысқан қалалық мәслихаттың экология, денсаулық және төтенше жағдайлар жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Сембек Қалақовтың айтуынша мәслихат шешімімен өткен жылдың 25 маусымында Алматыда қоршаған ортаны қорғауды ластау көрсеткішін төмендетудің 2009-2018 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. «Бұл бағдарлама аясында ЖЭС-дағы зиянды қалдықтарды азайту басты мақсат» дейді мәслихат депутаты.
ЖЭС-тардың жұмысын бақылайтын «АлЭс»АҚ өкілдері бұл бағытта жұмыстар жасалуда дейді. Мәселен барлық ЖЭС-тарға зиянды қалдықтарды азайтушы құралдар орнатылуда. ЖЭС 1-де қазіргі кезде зиянды қалдықтарда 99,2 пайызға азайта алатын құрал орнатылып болған. ЖЭС 2 мен 3-те бұл құрал 2008 жылдан бастап орнатыла бастаған. 2013 жылы толық орнатылып бітпек. «АлЭС» өкілдері ЖЭС-ы зиянды қалдықтар қазірдің өзінде азаяп келе жатқанын айтады. Мәселен ЖЭС-да 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 21 пайызға азайған. «Тұрбаларға зиянды қалдықтарды азайтушы құралдар толық орнатылып біткен кезде бұл көрсеткіш тағы да төмендейді» дейді «АлЭС» өкілдері. Ал қалалық Табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері бұған қосымша газ бен зияны аз көмір пайдалануды ұсынып отыр.