Алматыда жылу желілерінің 65 пайызының пайдалану мерзімі 25 жылдан асып отыр
АЛМАТЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда магистральды желілерді қайта құрудың 2013-2015 жылдарға арналған техникалық экономикалық негіздемесі жасалады.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов бүгін 2011-2012 жылдардағы жылу маусымының қорытындысына арналған жиналыста айтты.
«2011-2012 жылу маусымында жылу желілеріндегі 370 ақау анықталып, түзелді. Оның басты себебі - құбырлардың тозуы. Пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан желілердің ұзындығы 696,83 шақырым. Бұл жалпы жылу желілерінің 65 пайызын құрайды», - деді Е.Шорманов. Ербол Әлімқұлұлының айтуынша, қолданыстағы жылу желілерінің 20 пайызының қолдану мерзіміне 20-25 жыл, 10 пайызына 15-20 жыл, 5 пайызына 5 жыл, 3 пайызына 5-10 жыл, 2 пайызына 10-15 жыл болған. Егер биыл 19,4 шақырым жылу желісі жаңартылғалы отырғанын ескерсек, бұл саладағы қордаланған мәселенің қаншалықты ауқымды екенін айқын аңғаруға болады.