Алматыдағы 4,5 мың үйі күрделі жөндеуді қажет етеді

МАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласының тұрғын үй қоры 7 мың 771 үй. Бұлардың 4,5 мыңы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Алматыдағы 4,5 мың үйі күрделі жөндеуді қажет етеді

Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Оның сөзіне қарағанда, ТҮКШ-ты жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңге бөлінген. Олардың тең жартысы шатырларды, кіре берісті жөндеуге жұмсалса, қалғандары лифтілерді жңартуға аударылмақ екен. «Бұл қаржыны қала тек тамыз айының басында ғана алды, алғашқы 40 үйдің инженерлік желілері ауыстырылмайды, өйткені жылу маусымы басталып кетті. Қыс түскенге дейін олардың шатырлары мен кіре берісі жөнделеді. Коммуникацияны ауыстыру келер жылдың көктемінде басталады», -деді Қ.Нұрқаділов.

Аталған бағдарламаны Үкімет ағымдағы жылдың мамыр айында қабылдаған болатын, ол 2020 жылға дейін жалғаспақ. Күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үй нысандарының үлесі 2015 жылға дейін 32%-дан 22%-ға, 2020 жылы 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін дейді мамандар.

Сондай-ақ бұл бағдарлама аясында жылу, электр, газ желілерінің 50 пайызы толық жаңартылып, 11,5 мың көппәтерлі үй қайта жөндеуден өтеді және олардың сапасын сервистік компаниялар өз мойындарына алмақ.