Алматыдағы 5 метрлік «субұрқаққа» қатысты коммуналдық қызмет түсініктеме берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коммуналдық қызмет өкілдері Момышұлы көшесіндегі 5 метрлік субұрқаққа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы 5 метрлік «субұрқаққа» қатысты коммуналдық қызмет түсініктеме берді

Төтенше жағдайдың видеосы Instagram желісінің kris_p_almaty паблигінде жарияланды. 5-6 метрлік субұрқақ Момышұлы Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. 

Аталған төтенше жағдайға байланысты «Алматы су» холдингінің ресми өкілі Серік Шағыров түсініктеме берді.

Оның айтуынша, ол жерде апат болмаған.

«Кеше Алатау ауданы құбырларында жоспарлы жұмыс жүргізілген болатын. Біз бұл жұмыстар туралы жұма күні БАҚ арқылы хабарлаған болатынбыз. Жылу маусымына дайындық ретінде запорлы арматура ауыстырылды. Кеше таңғы 8-ден бүгін таңғы 8-ге дейін Алғабас, Аққент, Ақбұлақ шағынаудандарында суық су беру тоқтатылды. Бүгін жұмыс біткен соң су құбырларын реттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл субұрқақ - апатты жағдай емес, өрт гидрантынан ауа шығару», - деді «Алматы су» холдингінің ресми өкілі Серік Шағыров.

Оның айтуынша, коммуналдық қызмет өкілдері 8-14 қабатты үйлердің жоғары қабатына су жетуі қиындаған соң қысымды азайту үшін өрт гидрантынан ауа шығарған.