Алматыдағы 7074 көп пәтерлі тұрғын үйдің 2030-ы күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді
АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы 7074 көп пәтерлі тұрғын үйдің 2030-ы күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді. Оны Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы бүгін қалалық әкімдікте өткен тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған алқалы жиында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Алматыдағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің аумағы 16 миллион шаршы метрді құрайды. Олар 719 пәтер иелерінің кооперативіне біріккен. Жүргізілген зерттеулерді талдаған кезде 7047 үйдің 2030-ына күрделі жөндеу жұмысы қажет. Сондай-ақ 3550 үйдің жертөле -инженерлік коммуникациялары жөндеуді қажет етеді. Ал пәтер иелелері кооперативтері жөндеу жұмыстарына қатысты талаптарды сақтамай отыр. Дер кезінде жөндеу жүргізілмегендіктен, көп қабатты тұрғын үйлердегі қалыптасқан ахуал жыл өткен сайын қордалана түсуде", дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Құсайынов. Оның айтуынша, 2115 үйде ішкі жылу жүйесінің нормативтік мерзімі біткен. Бірқатар ПИК-терде ағымдағы жөндеу жұмыстары қадағалаусыз қалған. Бұған көп жағдайда ПИК төрағаларының өз қызметін салғырт атқаруы себеп болып отыр.