Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Әз-Наурыз Абай ауылында» деген атпен наурыз мерекесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз бүгінгі таңда еліміздің бүкіл азаматтары үшін еңбек пен бірліктің, ынтымақтың, достық пен келісімнің мерекесіне айналып отыр.

Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Әз-Наурыз Абай ауылында» деген атпен наурыз мерекесі өтіп жатыр
Оны Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бүгін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Әз-Наурыз Абай ауылында» атты мерекелік салтанатта айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жыл басы әз Наурыздың келгенін шығыс жұрты үлкен салтанатпен атап өтуде. Биылғы Наурыз мерекесі сүйікті қаламыз Алматыда, соның ішінде еліміздегі іргелі білім ордасы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ерекше жағдайда өтіп отыр. Табиғаттың гүлденіп құлпырған шағындағы бүгінгі «Әз Наурыз Абай ауылында» атты мерекелік салтанаттарыңыз құтты болсын! Қадірменді қауым, ғасырлар қойнауынан бастау алатын Наурыз бүгінгі таңда еліміздің бүкіл азаматтары үшін еңбек пен бірліктің, ынтымақтың, достық пен келісімнің мерекесіне айналып отыр және ертеңгі күнге деген сенім үмітін ұялатады», деді Серік Тұрарұлы. Қала әкімінің орынбасары білімнің қасиетті қара шаңырағы Абай атындағы ҚазҰПУ ел ертеңі үшін бәсекеге барынша қабілетті Қазақстан азаматтарын тәрбиелеп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылар қауымына Алматы мен отанмыздың гүлденуі жолындағы еңбектеріне шалқар шабыт пен толайым табыс тіледі.