Алматыдағы ақылы автотұрақта арнайы абоненттік төлем енгізілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ақылы тұрақ қала тұрғындары үшін төлемнің ыңғайлы жолын қарастырып отыр. Бүгіннен бастап, ақылы тұраққа абоненттік төлем енгіздік, деп мәлімдеді «Көкбазар» маңы мен Республика алаңындағы автотұрақ кеңістігін іске қосудың тәжірибелік уақытын қорытындылаған «Алматы арнайы техпаркинг қызметі» ЖШС директоры Марат Пірінбеков.
«Ақылы тұрақты маусым айынан бастап енгізгеніміз белгілі. Оның мақсаты қаладағы заңсыз тұрақ үшін ақша алуды тоқтату. Басында халық мұны қымбат көріп, қабылдай алмады. Қазіргі уақытта тұрақтарға қойылатын көліктер саны артып келеді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, біз қала тұрғындарына жеңіл болуы үшін абоненттік төлем енгізіп отырмыз. Абоненттік төлем құны 6000 теңге. Жүйе дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат таңғы 8-ден кешкі 19-00-ге дейін жарамды. Бұл - өте ыңғайлы. Абонентке алдын ала төлем жасалады. Ал сағат 19-дан кешігіп жатқан жағдайда, таңғы 8:00-ге дейін тегін, ақша төленбейді. Бірақ, сенбі, жексенбі күндері келсе, абономент жарамайтынын айтқымыз келеді. Әдеттегі жүргізуші ретінде ақша төлейді. Егер абоненттік картасы жоқ болса, сағатына 100 теңгеден төлейтіні белгілі. Айта кетелік, егер 100 теңге төлеп, бір сағатқа көлігін тастап, кейін кешігіп жатса, сосын инспекторға төлегенін айтып кетіп қалған жағдайда артық тұрған сағаты үшін әкімшілік жазаға тартылады. Олар біздің базада тіркеледі», - деді Марат Пірінбеков.
Жиында Алматы қаласы әкімшілік полициясы басқармасының басшысы Нұрлан Алмасбеков жүйе іске қосылған 3 айдың ішінде 290 адам ереже бұзғанын айтты.
- Ақылы тұрақ талабын орындамаған адамға 3 айлық есептік көрсеткіш бойынша (6363 теңге) айыппұл салынады. Ал егер жыл ішінде төлемесе 5 АЕК немесе 10 605 теңге өтейтін болады. Осы уақытқа дейін 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, - деді Н.Алмасбеков.
Айта кетейік, бүгінгі күні автоматтандырылған бірыңғай ақылы тұрақ жүйесі 1000 орынды қамтиды. Сәтбаев көшесінде Желтоқсан мен Фурманов көшелері арасында орналасқан Республика алаңындағы тұрақ кеңістігі Алматыдағы ең үлкен ақылы тұрақ саналады. Бұл жерге 296 көлік қоюға болады.
«Біздің компания мамандар арқылы пайдаланушылардың пікірі мен ұсынысына тұрақты мониторинг жасайды. Осылайша, бір айлық тұрақ абономенті қаржыны үнемдеу мен төлем жасауды жеңілдету үшін енгізілді. Ол ең алдымен Республика алаңындағы ақылы автотұрақты жиі пайдаланушыларға арналған. Біздің автотұрақтарда 20-дан астам инспектор бар, олар 120 мың теңгеден жалақы алады», - деді Марат Пірімбетов.
Айлық абономентті aparking.kz сайты арқылы сатып алуға және смартфонға арналған қосымшасын жүктеп алуға болады. Автотұрақтың алғашқы 15 минуты тегін.