Алматыдағы Алатау ауданы құрылғанының 4 жылдығын атап өтуде
АЛМАТЫ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Алматының Алатау ауданы туған күнін атап өтуде.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов «Сақ қорғандары» аумағында өткен мерекелік шараларға қатысты, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Қала басшысы төрт жыл ішінде ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуы барысында көптеген жұмыстар атқырлғанын атап өтті.
«Ел Президентінің тапсыруы бойынша Алатау ауданының инфрақұрылымын дамыту үшін республикалық және қалалық бюджеттен 70 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Болашақта ауданда кіші және орта бизнестің кең қанат жаятындығына, мегаполис пен республика көлемінде маңызы бар жаңа нысандардың көптеп салынатындығына мен сенімдімін»,-деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Ол сонымен қатар қала бюджетіне түсетін салықтың 3 пайызын Алатау ауданы беретіндігін де жеткізді. Жоспарланған нысандар салынған соң бұл сан одан әрі өсетін болады. Ауданның басты бағыттарының бірі- индустриалық аймақты құру, сонда жаңадан 110 кәсіпорын пайда болып, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан өзге, Алатау ауданында 5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. «Қызыл жиекке» орналасқан тұрғындар болашақта осы үйлерге көшірілетін болады.
Заңсыз басып алынған жерлер заңдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам заңсыз жердің 4 мыңы тіркеуден өтті. Биыл Алатау ауданында жаңа ХҚКО мен студенттік қалашықтың құрылысы басталады.
«Алматыдағы Мәдениет жылы» аясында Алатау ауданында 1 мың орындық киноконцерт залы мен 15 мың адам сиятын Спорт сарайы салынбақ.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2008 жылдың маусым айында қала маңындағы 20 кенттің Алматыға қосылуы нәтижесінде қаланың жетінші Алатау ауданы пайда болған-ды. Осылайша, қала енді екі бағытта дами бастады - солтүстік және солтүстік батыс. Жерді басып алу, жөн-жозықсыз үй салу істері де ретке келтірілді.
Жарты жылдың ішінде Алатау ауданында мемлекеттік қызмет көрсету құрылымы пайда болып, нақтылы статистика қалыптасты.
Қазіргі кезде Алатау ауданындағы 18 мөлтекауданда 170 мың тұрғын өмір сүріп, еңбек етуде.