Алматыдағы Алатау ауданында 500 орындық жаңа мешіт ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Дархан» ықшам ауданында 500 орындық жаңа мешіт ашылды. Алла үйінің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров, сондай-ақ, имамдар, медресе шәкірттері және жергілікті тұрғындар қатысты.
«Аллаға шүкір, қазіргі таңда Қазақстанның барлық жерінде осындай мешіттер салынып, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Мешіт халықты ынтымаққа, бірлікке, бауырмалдыққа, имандылыққа шақырады. Сондықтан, осындай мешіттер ел өңірлерінде көптеп ашыла берсін», - деді өз сөзінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Өз кезегінде аудан әкімі Бағдат Мәнізоров ауданда осымен 11-ші мешіттің пайдалануға берілгенін жеткізді.
«Дархан» ықшам ауданында тұратын азаматтардың демеушілігімен міне осындай зәулім мешіт халықтың игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіліп жатқан дүние. Тәуелсіздігімізге биыл 25 жыл толып отыр. Күні бүгінге дейін Алматы қаласында 48 мешіт бар болған болса, солардың ішінде 10 мешіт біздің ауданда орналасқан болатын. Енді міне бүгін, тұңғыш рет «Дархан» ықшам ауданында «Дархан» ауылдық мешіті есігін айқара ашты. Бұл осымен 11-ші мешіт. Қазір «Алғабас», «Трудовик» және «Байбесік» ықшам аудандарында да жаңа мешіттер салынып жатыр. Олар биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі», - деді аудан әкімі.
Ал «Дархан» ықшам ауданының тұрғындары жаңа мешіттің ашылғанына дән риза болып, бір-біріне құтты болсын айтып, игі тілектерін білдіріп жатты.
«Алла тағала ұрпағымызды қашанда ислам дінінде толыққанды өмір сүруге нәсіп етсін. Дініміз қуатты болсын. Е Алла, елімізге ырыстық, жерімізге тыныштық бере гөр! Жер мен көктен келетін әр түрлі қауіп-қатерден, жалындаған оттан, дауасыз дерттен сақтай көр», - деп ағынан жарылды 1991 жылы Моңғолия жерінен көшіп келген жергілікті ақсақал Отай Рахатұлы.
Сондай-ақ тағы бір жергілікті тұрғын Батырханова Несіпхан апа жаңа мешіттің арқасында жергілікті жастардың діни сауатын ашуға, оларды мұсылмандыққа тәрбиелуге зор мүмкіндік туатындығын айтты.
«Мешіттің ашылуы біз үшін үлкен қуаныш қой. Енді жаңа мешіттің жамағаты да игілігі де көп болсын. Береке-бірлігіміз нығая берсін. Аналар ешқашан да жыламасын. Қайта, балаларының имандылғын, мұсылмандығын көруге нәсіп етсін. Тәуелсіздігіміз, бейбітшілігіміз мәңгілік болсын», - деді ол.
Айта кетелік, Алатау ауданы бұдан 8 жыл бұрын ашылған болатын. Қаладағы жас аудандардың бірі. Ал бүгін ашылған «Дархан» ауылдық мешіті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тізіліміне енгізілген. Бүгін Бас мүфтидің бұйрығымен 1974 жылы туған Бекмағамбетов Темірбек есімді наиб имам «Дархан» ауылдық мешітінің бас имамы болып бекітілді. Ол Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінің түлегі. Мысыр және Пәкістан елдерінде тәжірибеден өткен. Соңғы 4 жыл бойы өзінің туған қаласы Көкшетаудағы Науан Хазірет орталық мешітінде наиб имам болып қызмет атқарып келген.