Алматыдағы Арбатта жабайы саудаға қарсы рейд өткізілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы Арбатта рұқсат етілмеген жерлерде сауда жүргізіп жатқан адамдарды анықтау бойынша рейд өткізді, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жөндеу жұмыстары жүргізілген соң Арбат одан да ажарлана түсті, бұл демалыс орны жергілікті тұрғындарды ғана емес, қала қонақтарын да өзіне тартып отыр. Сонымен бірге, бұл жер шарлар, ойыншықтар және басқа да тауарларды сататындардың сүйікті орнына айналған.
Осыған байланысты Жібек жолы көшесі мен жақын орналасқан тұрғын үйлердің аулаларында полицияның учаскелік инспекторлары, ювеналдық полиция, табиғатты қорғау қызметкерлерінен құрылған жаяу жасақтар күн сайын сағат 20:00-ден 01:00-ге дейін кезекшілік жүргізеді.
Сатушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал көшедегі музыканттармен сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзуға және демалушылардың мазасын алуға болмайтыны туралы әңгіме жүргізілуде», - деп хабарлады Алмалы аудандық ІІБ бастығы Данияр Мендебаев.
ІІД мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 9 айында Алмалы аудандық ІІБ ЖПҚ ҚР ӘҚБтК 204, 434, 440, 437, 505-баптары бойынша 627 тәртіп бұзушыны жауапқа тартты. Сонымен бірге, Алматы ІІД сатушылар (кәсіпкерлерді) сауданы тек рұқсат етілген жерлерде жүргізіп, тиісті органдарда тіркелуді сұрайды.