Алматыдағы Археология институтының қазіргі жағдайы мүшкіл – Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматыдағы Археология институты жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология. Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған», - деп тапсырма жүктеді Президент.
Еске салай кетейік, бүгін Түркістанда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтіп жатыр.