19:25, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыдағы Армияшылардың орталық спорт клубына қарасты №1 әскери спорт колледжіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды
АЛМАТЫ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл Алматыдағы Армияшылардың орталық спорт клубына қарасты №1 әскери спорт колледжіне және әскери жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды.
Бұл жайлы Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың бүгін оқу орнын аралаған кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазіргі таңда 357 адам білім алып жатқан аталмыш колледжде спорттың 30 түрі бойынша мамандар дайындалуда. Оқу орнының аудиториялары мен жатақханасын көргеннен кейін Қорғаныс министрі онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қысқа мерзімнің ішінде сметалық жоба жасауға тапсырма берді. «Оған министрлік тарапынан қажетті қаржы бөлінеді. Қыркүйектің 1-іне дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы керек. Оны өзім арнайы келіп көретін боламын. Сондай-ақ 400-ге жуық оқушысы бар колледж үшін 17 компьютер өте аз. Жаңадан 3-4 компьютер сыныбын ашып, кем дегенде оны 75 компьютермен жабдықтап, оларды интернетке қосу керек», - деді Даниал Кенжетайұлы.