Алматыдағы әскери-патриоттық клубқа Мәншүк Мәметованың есімі берілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қазақтың даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Шара барысында министрлік өкілдері, сала ардагерлері, «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының мүшелері батырдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, жиналғандар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ведомство ақпаратына сәйкес, осы шара аясында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы филиалының әскери-патриоттық клубына «Мәншүк» атауы берілді.
«Бұл – сендердің өмірлеріңдегі маңызды оқиға. Бұдан былай сендердің әскери-патриоттық клубтарың Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған пулеметші Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын болады», - деді Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Серік Борамбаев.


Еске салсақ, бүгін қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына - 100 жыл.
бұған дейін Мәншүк Мәметованың есімі Орал қаласындағы халықаралық әуежайға берілген болатын.