Алматыдағы Атлетикалық ауылда әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабын дамыту қарастырылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары үшін салынып жатқан Атлетикалық ауыл 5 мың спортшыға шақталған. Онда 1 748 пәтер бар. Бүгін баспасөз туры барысында Универсиада ойындарын өткізу комитетінің өкілдері аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарының барысы туралы әңгімеледі.

Алматыдағы Атлетикалық ауылда әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабын дамыту қарастырылған

Универсиадаға дайындалу және оны өткізу бойынша Дирекция жетекшісінің орынбасары Нұргелді Әбжаппаровтың айтуынша,

нысанның құрылысы график бойынша жүргізіліп жатыр.

«Атлетикалық ауылдағы төрт тұрғын үй - 22-ші наурызға қарай пайдалануға берілсе, тағы төрт тұрғын үй - 9-шы мамырға қарай беріледі. Ал қалған екі тұрғын үйдің құрылысы 6-шы шілдеге қарай толығымен аяқталады. Абаттандыру жұмыстарын тамыз айында аяқтау көзделген», - деді Н. Әбжаппаров.

Ол сонымен қатар, құрылыста қазақстандық үлестің 50 пайыздан асатындығын жеткізді.

«Ауылдың аумағы 21 гектар. Тұрғын үй кешенінен басқа, мұнда емхана, фитнес-орталық, бассейн, сауда үйі, кафе, банк және басқа да нысандар орналастырылады. Коммерциялық аймақтың аумағы - 29 мың шаршы метр. Атлетикалық ауылдағы барлық ғимараттар халықаралық сейсмикалық стандарттарға сай келеді», - деді жобаның архитекторы Шұхрат Жүсіпов.

Сондай-ақ, сәулетші ауылда әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылатындығын жеткізді.

«Кешенде 1, 2 және 3 бөлмелік 1 748 пәтер бар. Универсиада барысында ауыл 5 мыңдай спортшыны қабылдай алады. Ал кейін ол толыққанды заманауи тұрғын үй кешеніне айналдырылады. Ондағы пәтерлер «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша үлестірілуі мүмкін», - деді Ш. Жүсіпов.

Айта кетелік, Универсиаданың барлық нысандары үстіміздегі жылы 30-шы тамызға қарай пайдалануға беріледі.