Алматыдағы Әуезов ауданының әкімі ұзақ жасаған кейуаналарды құттықтады
АЛМАТЫ. 7 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматылық Рыстай Манасбаева мен Сара Ысқақова ғасырға жуық өмірлерінің тағы бір көктем мерекесін атап өтуде.
Оның бірі 102 жаста болса, екіншісі - 101-де. Бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев кейуаналарды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Р.Манасбаева - еңбек майданының озаты, Ұлы Отан соғысы жылдары тракторшы болып жұмыс істеген. Көп жылдық атқарған еңбегі үшін түрлі медальдармен марапатталған. Қазіргі күні ол көп балалы ана, немере және шөбере сүйіп отырған апа.
С.Ысқақова - Ұлы Отан соғысында жарынан айырылған жанның бірі. Соғыс жылдары қойма меңгерушісі болған, бес медальмен марапатталған. Үш бала өсіріп, жеткізген кейуана немере-шөберелерінің сүйікті әжесі.
Б. Торғаев ұзақ ғұмыр иелеріне және олардың туған-туыстарына мықты денсаулық пен амандық тіледі. «Сіздердің табандылық пен өмірге деген құштарлықтарыңыз тек әйелдерге ғана емес, күллі қазақстандықтар үшін үлгі», - деп атап өтті ол өз сөзінде.