Алматыдағы Әулие-Вознесенский кафедралдық шіркеуі күрделі жөндеуден өтеді
«Биыл Алматыдағы Әулие-Вознесенский кафедралдық шіркеуінің Орыс православиялық шіркеуі Алматы эпархиясы қарамағына қайтарылғанына 20 жыл толады. Ол 1995 жылы қайтарылды. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен еліміздің барлық православия азаматтарына сыйлық жасамақпын. Енді бұдан 70 жыл бұрын Кеңес үкіметі тартып алған Алматыдағы кафедарлдық собор Қазақстандағы православиялық шіркеуге мәңгілік қолданысқа беріледі», деген болатын. Міне, осы тарихи уақиғаға биыл 20 жыл толады. Мерейтой қарсаңында соборға күрделі жөндеу жүргізіледі. Өткен жылдың соңында арнайы қор құрылды. Қазір бұл мәселе қалалық әкімдіктің, Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен шешіліп жатыр. Биыл, көктем шығып, күн жылыған шақта күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Оған ғылыми мекемелер, мамандар тартылады. Жөндеу жүргізілгенімен соборда құлшылық ету рәсімдері жалғаса беретін болады», - деді митрополит Александр.
Айта кетелік, аталған шіркеу сәулетші Андрей Зенковтың жобасы бойынша 1904-1907 жылдары салынған. Оның бір ерекшелігі құрылысына бірде бір шеге қолданылмаған. Сондықтан да, ол сәулет өнерінің тамаша туындысы саналады.