Алматыдағы ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары Елбасы өкілеттілігінің ұзартылуын қалайды - зауыт ұжымы

АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат- /Әділет Мұсахаев/ - «Алматылық ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жұмысшылары Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы қолдайды. Бұл жайында зауыттың ұжымы бүгін өткен митингте мәлім етті.

Алматыдағы ауыр машина жасау  зауытының жұмысшылары Елбасы өкілеттілігінің ұзартылуын қалайды - зауыт ұжымы

"Нұр Отан" ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Махамбет Бейдәлі Алматыда жергілікті ынталы топтардың қатысуымен көптеген кәсіпорындар мен мекемелер ұжымдары жиындар өткізіп, Елбасының өкілеттілігін ұзарту жөніндегі шығысқазақстандықтардың бастамасын қолдайтындықтарын жеткізіп жатқандықтарын айтады. "Біз барлық жерде аталған бастама қолдау тауып жатқандығын көрудеміз. Қазақстандықтар келешекке оптимисті көзқараспен қарайды. Елбасының басшылығымен көптеген жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізіп, еліміздің экономикасының одан әрі дамуына негіз болатын жылдамдатылған индустриалды - инновациялық дамудың бағдарламасы іске асатынына сенеміз",-дейді М. Бейдәлі.

Аталған зауыттың №3 цехының бастығы Виктор Синицын да көтерілген бастаманы түгелдей қолдайтындығын айтады. "Қазақстандықтар Президентті тұрақты дамудың кепілі ретінде біледі. Біз отбасымызбен Н. Назарбаевқа дауыс беруге барған едік, ал, қазір референдум өкізу жөніндегі бастаманы қолдаймыз",-деп атап өтті өз сөзінде В. Синицын.

Жиын барысында зауыттың 500-ден астам жұмысшы ұжымы референдумды қолдайтындықтарын білдіріп, қол қойды.