Алматыдағы «Байқоңыр» метро стансасында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шара өтті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы метрополитенінің іске қосылғанына 3 жыл толуына орай, «Байқоңыр» метростансасында өткен мерекелік шара барысында қала әкімі Ахметжан Есімов қала тұрғындары мен қонақтарын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Алматыдағы «Байқоңыр» метро стансасында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шара өтті (ФОТО)

«Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Әр адам өзіне лайықты жұмыс тауып, отбасын асырап жатыр. Елімізде әлеуметтік, өндірістік нысандар салынуда. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде халықтың әл-ауқатын жақсартып, ұлтаралық татулық орнату жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Осының арқасында, Қазақстан әлемдік қоғамдастық аясында өзіне лайықты орын алды. Бұл үлкен еңбектің арқасы. Сондықтан, кезінде ҚР Парламентінің Сенаты осы мерекені бекіту туралы арнайы заң қабылдаған болатын. Ондағы мақсат - Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып толыққанды қалыптасуы жолында Елбасының сіңірген еңбектерін ұмытпай, қашанда құрмет тұту» - деді өз сөзінде Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар, қала басшысы Елбасының тапсырмасымен Алматы қаласында көптеген игі шаралардың, жобалардың жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Соның бірі - Алматы метрополитені.

«Бұдан дәл үш жыл бұрын, 1 желтоқсан күні Президентіміз Алматыға келіп, осы Алматы метрополитенін ашып еді. Алғашқы кездері жолаушылар саны күні 13-14 мың болатын. Ал қазір жолаушылардың саны тәулігіне 24 000 асып отыр. Метро қызметін қала тұрғындары арасында таныту үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бүгін міне, қала мектептерінің бастауыш сынып оқушыларының метро тақырыбы бойынша салған суреттерін тамашалап жатырсыздар. Бұл байқау да метро қызметін насихататуға септігін тигізеді» - деді. А. Есімов.

Айта кетелік, «Байқоңыр» метростансасы халыққа лық толды. Жиналған жұртшылық қалалық халық аспаптар оркестірінің орындауындағы көңілді күйлерді тыңдап қана қоймай, мектеп оқушыларының метростансаның қабырғаларына ілінген суреттерді де тамашалады. Мерекелік іс-шара соңында балаларға Алматы метрополитенінің 3 жылдығына орай жасалынған үлкен мерекелік торт үлестірілді.