Алматыдағы бокс кеші: Жанқош Тұраров бір күн бұрын доқ көрсеткен ганалықты 4-ші раундта құлатты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат «Алматы арена» спорт кешенінде өтіп жатқан Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе жегіне арналған спорт кешіндегі кезекті бокс сайысында отандасымыз Жанқош Тұраров ганалық боксшы Исаак Ариемен қолғап түйістірді. 10 раундтық кездесудің 4 раундында 2 минут 38 секундта Жанқош Тұраров ганалықты тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыдағы бокс кеші: Жанқош Тұраров бір күн бұрын доқ көрсеткен ганалықты 4-ші раундта құлатты

4 раунд басталғаннан Жанқоштың тегеурінді соққыларына шыдай алмаған ганалық Исаак Арие бір рет тізерлеп қалды. Алайда, төрешінің 10-ға дейінгі санауында аяғынан тұрған ганалық көп ұзамай отырған күйі тұра алмай қалды.

Алматы арена рухтанып кеткен сөзсіз. Енді Жәнібек Әлімханов АҚШ боксшысы Милтон Нуньеспен шығады.

Кеше Алматыда салмақ өлшеу рәсімінде Исаак Арие Жанқошқа жұдырығын ала жүгіріп, доқ көрсеткен болатын.

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе-жегіне орай спорт кеші өтіп жатыр.

Онда отандық боксшымыз Қанат Ислам шаршы алаңда ганалық Патрик Аллотеймен кездесіп, WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін күш сынасатын болады.

Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Патрик Аллотей осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түскен, 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген.

Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.