Алматыдағы Бутаков шатқалында 8 гектар аумақтың ағашы кесіледі
«Өткен жылы ағаштарды кесуге қатысты мораторий алынып тасталды. Бутаков шатқалында ағаштар (кесуге жоспарланған - ред.) ауырып, қурауға айналған. Олар 60-жылдары отырғызылған екен. Мысалы, Бутаковтағы еуропалық шыршаның қурап қалғанын көруге болады. Шабылған ағаштардың орнына біз 4 165 жаңа көшет егеміз. Барлығы 34 500 ағаш отырғызылады. Ағаштарды кесуге рұқсат алудың барлық кезеңінен өткеннен кейін мынадай жұмыстар жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз: 2019 жылы ағаштарды кесуді бастаймыз, 2020 жылы жер дайындалады, 2021 жылы кесілген ағаштардың орнына жаңа көшеттер егіледі», - деді Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.
Сонымен қатар, Шымбұлаққа қарай электр желісінің бойына өскен ағаштар бұталады. Дархан Исабековтің айтуынша, оларды кесуді «Алатау жарық» компаниясы сұраған.
Сондай-ақ ол, кесілген ағаштардың барлығы ұлттық парктің қажеттілігіне жаратылады. Егер артылып жатса, олар сатылады. Қазіргі таңда нарықта ағаш отынның 1 текше метрі 3 000 теңге тұрады.