Алматыдағы дәрігерлер білімін жетілдіру институты университет боп қайта құрылады
АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты жыл соңына қарай Қазақ үздіксіз білім беру медицина университеті болып қайта құрылады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Еңбек нарығының жаһандану жағдайында медициналық білім беру» деп аталатын халықаралық конгресте айтылды.
«Ол енді университет мәртебесін иеленбек. Елбасы Жолдауы бойынша біз енді медицина саласында үздіксіз білім берудегі ең басты оқу орнына айналып, еліміздегі бүкіл медицина қызметкерлерін оқытамыз», - дейді Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры Ғалымжан Тоғызбаев. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты Кеңес Одағы кезінде Орталық Азия, Сібір, Қиыр Шығыс және Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мамандарын қайта даярлаудан өткізетін аймақтық оқу ордасы болды. Бүгінгі таңда ол денсаулық сақтау саласының түрлі бағыты бойынша жұмыс жасай алатын жаңа формация мамандарын даярлайтын заманауи оқу-клиникалық орталыққа айналып отыр.