Алматыдағы екі базар қайта жөндеуден өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әуезов ауданының әкімі Сайран Сафеденов онлайн брифинг барысында модернизациядан кейін «Сарыарқа» мен «Арыстан» базарларының қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайран Сафеденов «Сарыарқа» базарын модернизациялау 2020 жылдың наурызында басталғанын атап өтті. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бүгінгі күні іргетасы құйылып болды. Енді металл қаңқасын тұрғызу жұмыстары қолға алынды.
Базардағы контейнерлер алынып тасталады. Орнына үлкен ғимарат салынады. Бұл сатушылар мен келушілерге қолайлы болмақ. Айта кететін жәйт жәйт қалпына келтіру кезінде де базар жұмыс істейді.
«Кестеге сәйкес, құрылыс жұмыстары киім сататын қатарда жүргізілуде. Жұмыс 2020 жылдың наурызынан басталды. 2021 жылдың наурызына толық аяқтау жоспарланған. Бірінші кезеңде1500 шаршы метр сауда алаңы пайдалануға беріледі. Онда кафе, кофехана, фаст-фуд, сұлулық салоны, киім, электроника сататын бутиктер орналасады»,- деді аудан әкімі.
Модернизацияның екінші кезеңі 2023 жылы аяқталады.Жоспарланған сауда алаңы - 2850 шаршы метр. Онда азық-түлік, жеміс- жидек, көкөністер, ет, құс еті, балық, ірімшік пен шұжықтар сатылатын болады. Базардың аумағы абаттандырылып демалыс орындары пайда болады. Сонымен қатар, келушілерге ыңғайлы болу үшін автотұрақ кеңейтіледі «, - деп қосты әкім.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Арыстан» базары туралы айтып берді. Оны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Арыстан» базары бойынша эскиздік жоба әзір. Құрылысшылар 90% жұмысқа кірісуге дайын. Алдымен киім сататын бөліктен бастаймыз «, - деді аудан басшысы.