Алматыдағы екінші жылу электр орталығының жаңа қондырғылар іске қосылып, жылу қуаты көбейді
АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаладағы 2-нші жылу электр орталығының цехтары мен бөлімшелерінде болып,
биылғы маусым басындағы жалпы жағдайды, әкімшілік тарапынан көрсетілер көмектерді сұрастырды. Осы цехтарды басқарып отырған операторлық жүйедегі жаңадан қойылған қондырғылардың жұмыс істеу үрдісімен танысқан Ахметжан Смағұлұлы Германия мен Ресей өнімдеріне оң бағасын берді.
«1970-1980 жылдары салынған құрылғылар осылайша қайта жөндеуді бастан кешіріп, энергия, жылу өнімінде біршама алға ілгерілеу жасамақ. Осы қадамның арқасында биылғы қысқы маусымды қала тұрғындары қорықпай қарсы алуларына болады», - деді А. Есімов. Оның айтуынша, қала тұрғындары қыстың күні жылудан ешқандай таршылық көрмеуіне барлық жағдайлар жасалуда.
Қазанның 14-і күні жылыту маусымының басталуына орай 2-нші жылу электр орталығыныңбасшылығы барлық қондырғылар мен цехтардың жаңартылған бөлшектерін сынақтан өткізген болатын. Сонымен қатар цехтардың өнімділігі мен күш-қуатын арттыру мақсатында жылу өңдейтін градирлік айналмалы құрылғы орнатылған-ды.
Енді жаңа құрылғылар көмегімен аталмыш орталықтың жұмысы одан әрі ұлғайып, жылу қорыту және өңдеу мәселесінде күшейе түспек. Қондырғы су қорын буға айналдырып, конденсат ретінде қатырады. Осыдан кейін жылу өнімі 1147 Гкалға көбейеді.
«Бұл тектес қондырғылардың жөндеу көрмегеніне 30 жыл болған еді. Біз осы маусымның алдында барлығын реттеп, жұмыс барысын бір үрдіске келтірдік. Сондай-ақ жаңа, ешқандай қалдық қалдырмайтын құрылғыны да қойып отырмыз. 7 аңғар, 6 қазандық да толықтай жөндеуден өтті. Ал соңғы қазандық қарашаның 4-і күні дайын болады», - деді Алматы екінші жылу электр орталығының басқарушы директоры Бейсембек Сабырқұлов.
Жаңадан салынған 2 бөлікті градир электр қуаттылығын 75 МВт-қа күшейтіп, қыстың күнгі жұмысты жеңілдетеді деп күтілуде. Осының арқасында жылына 453 млн. кВт/с электр энергиясын өндіріп, қаланы бұл жөнінде еш алаңдаусыз қамтамасыз ете алатын деңгейге жетеді.