Алматыдағы ескі әуежай ғимаратын көшіру себебі мәлім болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы ескі әуежайдың ғимаратын көшіру себебі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы ескі әуежай ғимаратын көшіру себебі мәлім болды

Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметінен хабарлағандай, тарихи ғимарат 1947 жылы салынған және ол қаланың жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұр. ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 29-бабына сәйкес, ескерткіштің орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайын жақсартуға әкелсе, онда көшіруге рұқсат беріледі. Ол тарихи-мәдени сараптаманың қорытындысы негізінде, уәкілетті органмен келісім бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен жүзеге асырылады.

Аталған ескерткіштің орнын ауыстыруға келесі құжаттар себеп болды:

«Әуежай (халықаралық желілер әуежайы) «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін көшіру туралы» Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 11 қарашадағы № 4/492 қаулысы;

«Қазреставрация» РМК Ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының 2022 жылғы 31 қазандағы тарихи-мәдени сараптамасының қорытындысы;

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссиясының 2022 жылғы 1 қарашадағы № 6 хаттамасы.

«Сәулет ескерткішін жылжыту – оны жаңа жерде сәндік элементтермен қайта құру дегенді білдіреді. Ғимараттың сәндік элементтері оның мәдени және тарихи маңыздылығын ескерткіш ретінде айқындайды. Осыған байланысты ғимарат қайта құрылып, келесі сәндік элементтердің өзіндік көрінісін сақтайды: витражды терезе орнату, бүйір қасбетіне сәндік рельефті-өрнекті панельдер, периметрі бойынша рельефті-өрнекті карнизі бар көп салалы карниз, пештак, пештак пилондарының «сталактитті» карнизі, пилондардың бұрыштары бойынша ұлттық ордердің төрттен үш ою-өрнекті бағандары, арка типті витраждар, мұнара (бельведер) төбесі бар, шатырдың бүкіл периметрі бойынша нәзік жақтау. Мұндай жағдайда жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысын іске асыру аясында барлық сәндік элементі бар ескерткіш Алматы халықаралық әуежайының аумағында 420 метр радиуста ауыстырылады. Осылайша, бұл ғимараттың тарих және мәдениет ескерткіші ретіндегі сақталу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Еске салайық, Алматы халықаралық әуежайы аумағындағы VIP-терминалы бар ескі әуежайды сүру жұмыстары басталғанын хабарлаған болатынбыз.