Алматыдағы госпиталь басшылығы: Бүгінгінің батырлары – ақ халатты абзал жандар
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанда Медицина қызметкерлері күні атап өтілуде. Алматыдағы Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь ұжымы да құттықтаулардан қалыс қалмады. Мекеменің 29 қызметкері төс белгі тағып, алғыс хат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мекеме басшысы Дамир Дәулетбаев әріптестерін шын жүректен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
«Біздің халық басынан не өткізбеді? Сонау ашаршылық заманында да ата-бабаларымыз мойымады. Жерімізді қорғап, еліне қорған бола білді. Отан соғысы жылдары мен Ауған соғысында от пен оқтың ортасында қан кеше жүріп, күресті. Қиын-қыстау заманда жараланғандарды арқалап, көмек көрсетіп, жанының арашашысы бола білген, әрине ол – медицина қызметкері. Чернобыль апаты мен Семей полигонынан зардап шеккендерге де ең алғашқылардың бірі болып дәрігерлер көмек қолын созды. Биыл елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде алғы шепте аянбай еңбек етіп жүрген де – дәрігерлер. Олай болса, осы төл мерекелеріңізде сіздер, қандай атаққа да, марапатқа да лайықсыздар. Ең бастысы, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын», - деді ол.

Кеш соңында госпиталь қызметкерлері мерекелік ән тыңдап, естелік суретке түсті.
«Менің дәрігер мамандығын таңдау себебім - анам 40 жыл өмірін медицинаға арнады, 40 жыл дәрігер болып, еліне қызмет етті. Содан ойлана келе, жоғарғы сыныпқа көшкен жылдары мен де неге дәрігер болмасқа деп шешім қабылдадым. Бағым жанып, медициналық институтқа оқуға түстім. Жалпы біздің отбасымызды «медициналық отбасы» деп атауға болады. Өйткені, бүгінгі таңда 8 дәрігер бармыз. Келін бар, қарындасым бар, інім бар дегендей. Барлығы да медицинаның білікті мамандары», - деді Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь директорының орынбасары Ерлан Шаханұлы.

Халқымыздың басына түскен сын сағатта, яғни төтенше жағдай жарияланған күннен-ақ, Дамир Дәулетбаев басшылық ететін Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь ұжымы бірауыздан көмектесуге бел шеше кірісті.

«Дүниежүзілік пандемия болып жатқан тұста, бізде еш таңдау болмады. Науқастарды қабылдап, көмегімізді аямай, жәрдем берсек деген ойда болдық. Қиыншылықтар болмады емес – болды, түсініспеушіліктер де болды. Ең алғаш Мысырдан келген 100 адамның әрқайсысы әрқандай ойда болып, елде болып жатқан төтенше жағдайды түсінбеді. Карантин дегенді білмейді. Ал кейбірі тіпті, қорықты. Ең қызығы, кейбіреуі бізді қамап қойдыңдар деп, қарсы шығып, қорқытуға тырысты. Бірақ біздің қызметкерлер бәрін түсінді, сақадай-сай дайын тұрды. Бірінші талап, келіп түскендердің көңілін аудара, паникалық сезімдерін болдырмау және моральдық тұрғыда көмектесу болды. Госпитальдегі ауызбіршілік танытқан әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Халқымыздың сенімін ақтадық деген ойдамын. Енді болашақта дәрігерлерге сенімсіздік танытып, сын айтушылардың қатары азайып, көзқарастары өзгереді деп ойлаймын. Әр дәрігердің, әр қызметкердің орны бөлек. Дәрігерлер орасан зор еңбек етті. Біраз адамның пандемия кезінде көзі жетіп, дәрігерлерге деген сенімі артқанына сенімдімін» - деді госпиталь директорының орынбасары Ерлан Шаханұлы.