Алматыдағы ғылыми конференция Қазақ хандығындағы мемлекеттік билік пен қазақтардың дәстүрлі құқықтарының рөлін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде «Жеті Жарғы» - дала демократиясының озық үлгісі, мемлекеттік құқық пен билер сотының алтын арқауы» тақырыбында өңірлік ғылыми конференция өтті.
Аталмыш форумға Астана қалалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаев, қалалық сот судьясы Оралхан Тұрсынов, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Сая Бекіш, «Астана қаласының сот кеңсесі» ММ басшысының орынбасары Айбол Ибрагимов, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылысмдарының докторы Тілеген Садықов қатысты.
Конференция жұмысында Ұлттық ғылым академиясы тарих және этнология институтының директоры, профессор М.Қ.Қойгелді, филология ғылымының докторы, академик С.Қирабаев, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Т.А. Мамашев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы академик Ө.Айтбайұлы, Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев, заң ғылымдарының докторлары З.Ж.Кенжалиев, А.С. Ибраева, А.Қ.Исабеков, Т.С.Садықов, сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан келген ғалымдар да баяндамалар жасады.
Сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев өзінің баяндамасында Қазақ мемлекеттілігінің негізін салушылар Керей мен Жәнібек қазақ халқының тарихында елеулі із қалдырғанын және ол заманауи өмірге дүниетанымдық құрылылымды құру үшін тарихи негіз болып табылатынын тілге тиек етті.
Жиын Қазақ хандығындағы мемлекеттік билік пен қазақтардың дәстүрлі құқықтарына, қазақ билерінің роліне қатысты мәселелерге арналды.
Бүгінде Қазақстан тарихына деген құрмет пен мақтаныш, ғасырлар бойы жиналған мемлекетті нығайту тәжірибесі Қазақстанның рухани өсуінің, халқымыздың ұлы мәдениеті мен дәстүрін сақтаудың негізін құрайды.