Алматыдағы халықаралық конференцияда көмейдің қабыну ауруларын емдеу жолдары талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда №5-ші қалалық клиникалық аурухананың конференц залында С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті оториноларингология кафедрасының 80-жылдық мерейтойына орай, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Оның жұмысына оториноларингология, яғни құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдеу саласында еңбек етіп келе жатқан отандық білікті мамандар, сондай-ақ, ТМД елдерінен келген белгілі ғалымдар қатысты. Олардың ішінде Мәскеудегі Л.Свержевский атындағы ғылыми-зерттеу клиникалық институты қуыстық ағзалар және мойынның реконструктивті хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Елена Кирасирова және ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның оториноларингологтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Райс Төлебаев болды.

«Біз  былтыр ғана С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 85 жылдығын атап өткен едік. Енді міне, ең алғашқы кафедралардың бірі - 1936 жылы құрылған Құлақ, мұрын және тамақ аурулары кафедрасының 80 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты - 80 жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайында есеп беру, шет елдік әріптестермен өзара тәжірибе алмасу және осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолдарын іздестіру. Өйткені, Қазақстанда мұндай аурулармен ауыратын науқастар жетерлік. Әсіресе, өте күрделі болып келетін көмейдің әр түрлі қабыну аураларын емдеуде шешімін таппай жатқан мәселелер жетерлік. Мысалы, осы науқастарды орталықтандырылған дәрежеде емдеу үшін заманауи арнайы орталық ашу мәселесі де қаралады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген жауабында С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оториноларингология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Амангелді Күлімбетов.

Конференция барысында оториноларингология кафедрасын 2002-2014 жылдар арасында басқарған медицина ғылымдарының докторы, профессор Дамилә Жайсақова және осы кафедраның профессоры, медицина ғылымдарының докторы Амангелді Күлімбетов Қазақстанның ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен марапатталды.

Сонымен қатар, конференция аясында № 5 қалалық клиникалық ауруханасының базасында «Көмейдің қабыну аурулары» тақырыбында шетелдік жетекші ғалымдардың қатысуымен шеберлік сыныптары жүргізілді.

Айта кетелік, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті алыс және жақын шетел мемлекеттерімен тығыз қатынастағы медициналық және ғылыми кадрлардың ошағы болып табылады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram